Сәбит Суханов қазақстандық индустрияны тежейтін факторларды атады.
«Қазақстанның өнеркәсіптік саясаты: еңбек өнімділігін ұлғайту арқылы кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру» VI халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы аясында ол институттың қазақстандық кәсіпорындардың цифрландыруға дайындығын айқындау үшін оларға арнайы талдау жүргізгенін айтты.
«Әртүрлі елдердің бизнесмендері мен біздің кәсіпкерлерімізде ұқсастықтар бар. Шетелдік компаниялар да цифрландырудың экономикалық пайдасы туралы нақты түсініктің және бірыңғай цифрландыру стратегиясының жоқ екенін атап өтеді. Кадр тапшылығы – Қазақстанда ғана емес, дамыған елдерде де тежеуші факторлардың бірі», - дейді ол.
«Сондықтан, халықаралық трендтер мен қазір 4.0 индустриясы бойынша дамыған елдерде қабылданып жатқан бағдарламаларға сүйене отырып, өңдеу секторын жаңа цифрлық дәуірге көшуге ынталандыру бойынша тиісті шараларды ұсынамыз», - деп сөзін толықтырды Суханов.
Оның сөзіне сүйенсек, елімізде цифрландыруды тиімді дамытудың негізгі шарттарының бірі бүкіл ел аумағын желімен толық қамтамасыз ету болып табылады. «Nokia компаниясы бізге цифрлық инфрақұрылымды озық дерек жіберу жүйелері тұрғысынан дамыту бойынша белгілі бір шешімдер жасауға көмектесті.
Бұл жерде ҚР нарығына келіп, өз желісін өнеркәсіптік интертнетке тарататын, сондай-ақ біздің кәсіпкерлеріміз бен бизнесіміз үшін бәсекеге қабілетті жағдайлар ұсынатын желілік компаниялар үшін жағдай жасау маңызды болмақ. 4.0 индустриясы толыққанды даму үшін, бізге деректерді мобильді трафикпен жіберу сапасының стандарттары жоғары интернетке кеңжолақты қолжетімділік керек», - дейді ол.
Суханов атап өткендей, көптеген елдерде арнайы нысаналы индикаторлар қабылданып қойған – секундына кемінде 100 мегабайт. Бұған қоса, ҚИДИ өкілі кадрларды даярлау жүйесін қайта қарауға кеңес берді.
«Даярлау бойынша жаңа бағдарламаларды әзірлеп, қолданыстағы бағдарламалардың мазмұнын 4.0 индустриясының технологиялық бағыттарын ескере отырып жаңарту ұсынылады», - дейді ол.