Түркменстанда Қазақстандық сауда үйі ашылатын болады
Түркменстанда Қазақстандық сауда үйі ашылатын болады. Бұл туралы Ашхабадта өткен сауда-экономикалық миссиясы барысында Қазақстанның сыртқы сауда палатасы және Өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағы өкілдері арасындағы келіссөздерден кейін белгілі болы. Сонымен қатар, тараптар екі ел кәсіпкерлеріне кіру визаларын әзірлеу барысында қолдау көрсету туралы келісім жасасты.
ҚР Сыртқы сауда палатасының атуынша, қазақстандық компаниялар өз өнімдерін Түркменстан нарығына тасымалдауды көптен бері жоспарлап келген. Сауда-экономикалық миссияға машинақұрастыру, құрылыс, фармацевтика және тамақ өнеркәсібі салаларында қызмет көрсететін 16 компания қатысты. Олардың арасында: IT&M, "Қазфосфат", "ҚазАзот", "Кентау трансформатор зауыты", "Рахат", "Тиккурила", "Қазақстан Ғарыш Сапары", "Азия авто", "Баян Сулу", "Порт Курык" және т.б.
Сапар аясында «Туркменюлдары», «Туркменнефть» Мемлекеттік концердері, Ұлттық ғарыш агенттігі, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, автомобиль көлігі, коммуналдық шаруашылық, министрлері және олардың орынбасарлары деңгейіндегі екі жақты кездесулер өтті. Қазақстанның Сауда-өнеркәсіп палатасы және Қазақстанның өнеркәсіпшілер Одағы өкілдері Түркменстанның іскерлер тобымен кездесулер өткізді.
Манаттың еркін бағамдалу мүмкіндігінің жоқтығына байланысты, Түркменстандық серіктестердің қазақстандық кәсіпкерлерге төлемдер жасау барысында кедергілер туындайды. Осыған орай, серіктестікті нығайту және ортақ жұмысты жандандыру мақсатында "KazakhExport" АҚ топ-менеджерлері «Түркменстан» және «Халкбанк» мемлекеттік банктері сонымен қатар «Рызгал» коммерциялық банкінің өкілдерімен келіссөздер жүргізді.
Миссия нәтижесінде Dolce фармацевтикалық компаниясы келісім жасасу туралы екі мемарандумға қол қойса, «Белес-Агро» ЖШС «Белес-маркет» сауда белгісімен шығарылатын ұн және күнбағыс майын түркменстанға тасымалдау шартын жасасты. Шарт бойынша Түркменстанға бір жыл бойы ай сайын 3-4 тонна өнім тасымалданатын болады.