Қазақстандық және сербиялық кәсіпкерлер жеткізушілерді дамыту тәжірибесімен алмасты

Өңдеу саласындағы бірқатар отандық кәсіпорындардың басшылары Сербияға сапар аясында мемлекеттік және жеке құрылымдармен, сондай-ақ жергілікті бизнеспен кәсіпкерлікті дамыту және қолдау бойынша тәжірибе алмасу үшін бірқатар кездесулер өткізді.

 

16 адамнан тұратын жұмыс тобын «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Айдар Кәкімжанов басқарды.

 

Іс-шараға қатысушылар Сербияның металлургия секторының бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі Vojvodina Metal Cluster (VMC) ірі бизнес-қауымдастығына барды. Қауымдастық 100-ден астам компанияны: өндірістік компаниялар мен түрлі мекемелерді біріктіреді.

 

Кездесу барысында шағын және орта кәсіпкерліктің міндеттері мен өзекті мәселелері талқыланып, қауымдастық өкілдері Сербиядағы кластерлік даму тәжірибесімен бөлісті.

 

Сапар аясында қазақстандық делегация Чачак (Čačak), Златибор (Zlatibor), Темерин (Temerin), Нови Сад (Novi Sad) және Обреновац (Obrenovac) қалаларындағы жергілікті тауар өндірушілерді аралап, "UNIPROMET" болат жол қоршауларын өндірушісімен, "Atenic Commerce" болат құбырларын және басқа қара және түсті металлургия өнімдерін жеткізушімен, "Termovent", "Tim-Cop" және "IVA 28" кәсіпорындарының жұмыстарымен танысты.

 

Сондай-ақ, Кәсіпкерлер палатасы мен Сербия экономика министрлігінің басшылығымен кездесулер өткізілді.

 

«Қазақстанда жеткізушілерді дамыту жобасы Дүниежүзілік банкпен бірлесіп бірнеше жыл бойы жүргізіліп келеді. Негізгі мақсат – шағын және орта кәсіпкерліктің Қазақстанда қызметін жүзеге асыратын ірі жергілікті және халықаралық корпорациялармен нарықтық байланыстарын кеңейту. Сербияға сапар – бұл отандық кәсіпорындарды дамытуға жасалған тағы бір қадам. Қатысушылар Сербияда жеткізушілерді дамыту жобасын іске асыру тәжірибесі мен танысып, сербиялық бизнес-қоғамдастықпен байланыс орнатты.

 

Жалпы, Сербияда кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайлар өте қолайлы: салық ставкалары төмен, білікті жұмыс күші бар, бизнесті жүргізуге кететін шығындар айтарлықтай төмен. Елдегі кәсіпорындар экспортқа бағытталған, сербия фабрикалары өз өнімдерінің 90%-ын экспорттайды. Біздің мақсатымыз – үздік тәжірибені игеру және өндірушілерімізді қолдау», - деп атап өтті «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Айдар Кәкімжанов.

 

Іс-шараға қатысушылардың бірі, «Проманалит» және «ПромМониторингГрупп» компаниялар тобының директоры Игорь Исуповтың айтуынша, сапар нәтижелі өтті.

 

«Жеткізушілерді дамыту жобасына, оның ішінде study-турға қатысу жақсы нәтиже береді деп күтпедім. Турдың қорытындысы бойынша біз сербиялық компаниямен келіссөздерді бастадық, олармен Сербияға жабдық жеткізу үшін қандай сертификаттар қажет екенін талдадық. Осыған байланысты, біз екі нұсқаны қарастырамыз: не Қазақстанда жабдық жинап, Сербияға жіберу керек, не осында шығарып, Сербияда жинау керек. Біз компаниямыздың жаңа жеткізілім тізбегін құруды жоспарлап отырмыз», - деді ол.

 

Жандос Ғазиз, «Каскор-Машзавод» АҚ компаниясы төрағасының орынбасары»:

«Сербиядағы study-тур аясында бізді "HVAC" жабдығын өндіруде көшбасшы "Termovent" және машина жасау үшін CNC дәлдеп өңдеуге маманданған "Iva 28" компанияларымен ынтымақтастық мүмкіндігі қызықтырды. Олармен ынтымақтастықта Қазақстанда ірі жер қойнауын пайдаланушылар үшін бірқатар жобаларды іске асыруға болады".

 

Асылбек Әбуов, «ҚАЗТУРБОРЕМОНТ» КТР» компаниясының директоры (жөндеу және спутникті өңдеу):

«Study-тур барысында біз компаниямыздың деңгейінде қызметтер көрсететін және тауарлар шығаратын компаниялармен таныстық. Металды жеткізуші Atenic Commerce d.o.o. компаниясының өкілімен таныстық, олармен металды жеткізуге шарт жасасуды жоспарлап отырмыз».

 

Берік Биятов, «ТЕМІРМАШ» Павлодар зауыты» ЖШС компаниясының директоры:

 

«Үш компаниямен ынтымақтастық қызығушылық тудырды. Қазір келіссөздер жүргізіп жатырмыз. "HVAC" жабдығының жетекші өндірушісі болып табылатын "Termovent" компаниясымен ынтымақтастық туралы шарт жасасуды жоспарлап отырмыз».

 

 

Естеріңізге сала кетейік, іс-шара 2020 жылғы 1-7 қараша аралығында Ұлттық экономика министрлігі Дүниежүзілік банктің қаржылық қолдауымен іске асырып жатқан «шағын және орта кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігі жобасы» аясында өтті.

 

Жобаның кіші компоненттерінің бірі «өнім берушілерді дамыту қызметін құру, құзыреттерді дамыту және өнім берушілерді дамытудың пилоттық жобаларын іске асыру жөніндегі қызметтерді» ұсыну болып табылады. Қазақстанда жеткізушілерді дамыту жобасы - Euroconsultants SA (Греция) «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ және «Атамекен» ҰКП-мен серіктестікте жүзеге асырады.