«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы «Отандық жеткізушілерді дамыту және шағын және орта кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға кедергі келтіретін тосқауылдарды анықтау» тақырыбында онлайн-форматта кеңес ұйымдастырды.
Іс-шараға 80-нен астам ірі, орта және шағын бизнес өкілдері: жер қойнауын пайдаланушылар, жүйе құраушы кәсіпорындар, даму институттары және мүдделі мемлекеттік органдар қатысты.
Компаниялар арасында North Caspian Operating Company N. V, Karachaganak Petroleum Operating B. V., «Тенгизшевройл» ЖШС, «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ», «Даму» КДҚ» АҚ, «С.М. Киров атындағы зауыт» ЖШС, «Мұнайтелеком» ЖШС, «Optimum» ЖШС, TMK «Қазтрубпром» ЖШС және машина жасау, мұнай, геологиялық барлау, инжинирингтік және басқа да салалардың тауарлары мен қызметтерінің отандық өнім берушілерін атап өтуге болады.
Кеңестің мақсаты – кәсіби қызметтер мен тауарлардың отандық өнім берушілерінің бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттыру, өнім берушілер мен ірі тапсырыс берушілердің кооперациялық байланыстарын жолға қою, сондай-ақ жергілікті кәсіпорындардың жер қойнауын пайдаланушылар мен даму қорлары әзірлеген қолдау құралдары мен шаралары туралы хабардар болуын арттыру.
Іс-шара барысында "North Caspian Operating Company N. V және Karachaganak Petroleum Operating B. V. тәрізді Қазақстандағы ірі мұнай-газ жобаларының операторлары жергілікті қамтуды дамыту жөніндегі өз бағдарламаларын және жергілікті жеткізушілерді өнеркәсіптік кооперацияға тарту құралдарын ұсынды.
Қосымша «Даму» КДҚ» АҚ «Бизнестің жол картасы 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлерге арналған қолдау құралдары жайлы айтып өтті.
Өз кезегінде, отандық өнім берушілер «Optimum» ЖШС, «I-BEC Systems» ЖШС, TMK «КазТрубПром» ЖШС және «УККЗ» ЖШС таныстырылым жүргізіп, қатысушыларды өз компаниясының қызметімен таныстырды және сатып алу жоспарларына, компанияларды таңдау рәсімдеріне және ірі жер қойнауын пайдаланушылармен жұмыс істеуге кедергі келтіретін кедергілерге қатысты бірқатар мәселелерді ортаға салды.
Өткізілген кездесу шағын және орта бизнес кәсіпорындарының ірі тапсырыс берушілермен кооперациясына кедергі келтіретін негізгі кедергілерді анықтауға, сондай-ақ отандық өнім берушілердің дамуын ынталандыру үшін түйісу нүктелерін айқындауға мүмкіндік берді.