2021 жылғы қаңтар-қыркүйекте елімізде құрылыс материалдары өндірісінің көлемі 641,7 млрд теңгені құрады, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңінен номиналды мәнде 38,7%-ға жоғары (462,6 млрд тг), деп хабарлады ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ баспасөз қызметі.
2021 жылдың 9 айында құрылыс материалдарын өндіру саласы өнеркәсіп өндірісі көлемінің 2,5%-ын және өңдеу өнеркәсібі өндірісі көлемінің 5,4% - ын қамтамасыз етті.
2021 жылғы қаңтар-қыркүйекте өнімнің нақты көлем индексі 110,1% - ды құрады. Заттай көріністегі өсім келесі тауарлар бойынша байқалады: отқа төзімді бұйымдар (+70%); отқа төзімді емес керамикалық кірпіштер (+56%); портландцемент (+18,3%); шлак мақта, минералды силикатты мақта және ұқсас минералды мақта (+48%); құрылыс ерітінділері (+38,7%), гипс (+66,4%); ескерткіштер, әрлеу және құрылыс үшін өңделген тас (+55,7%) және т. б.
Заттай көріністе келесі тауарларды шығару көлемі төмендеді: керамикалық қаптауыш кірпіштер (-8,5%), тақталар, тақтайшалар және цементтен және бетоннан немесе жасанды тастан жасалған ұқсас бұйымдар (-8,9%), бетоннан жасалған құрама құрылыс конструкциялары (-10,6%), тауарлық бетон (-10,4%).
2021 жылғы қаңтар-тамызда құрылыс материалдары өнімдерінің экспорты 2020 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 5,7% - ға ұлғайды және $143,0 млн құрады. Заттай көріністе экспорт көлемі 6,9% - ға төмендеп, 1 414,4 мың тоннаны құрады, ал өткен жылдың ұқсас кезеңінде 1 519,8 мың тонна деңгейінде болды. Негізгі топ-экспорт елдері: Өзбекстан, Ресей және Қырғызстан.
2021 жылдың қаңтар-тамыз айларында отандық нарыққа құрылыс материалдарының импорты $873,3 млн құрады, бұл 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 24,1%-ға өскенін көрсетеді. Заттай көріністе тауарлар көлемі 2 728 мың тоннаны құрап, 2020 жылғы 8 айға қарағанда 37,9%-ға артты (1 979 мың тонна). Негізгі импорттаушы елдер: Ресей, Қытай және Түркия.
2021 жылғы қаңтар-тамызда ҚР-дағы құрылыс материалдары нарығының көлемі $2 242 млн құрады, онда отандық тауар өндірушілердің үлесіне 61%, импорттық өнімнің үлесіне-39% келеді.
Бүгінде Қазақстанның құрылыс саласында 2 184 кәсіпорын жұмыс істейді, олардың негізгі үлесі (95%) шағын бизнес кәсіпорындарына тиесілі.
Республикада саланың барлық дерлік сегменттерінде құрылыс материалдарын шығарылады.
Сала ішкі нарықтың 61%-ын қамтамасыз етеді, алайда, негізгі үлес қосылған құны төмен базалық тауарларға тиесілі – цемент, бетон, құрылыс ерітінділері, әк және т. б.
Құндық мәнде өндірістің ең көп көлемі Қарағанды және Алматы облыстарына, сондай-ақ республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларына тиесілі.
Саладағы отандық материалдар өндірісі өсуінің негізгі резерві құрылыс жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар болып табылады.
Мәселен, «Нұрлы Жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында 2021 жылдан бастап 2025 жылға қарай 103 млн шаршы метрге дейін пайдалануға бере отырып, тұрғын үй секторының құрылысы белсенді жүргізілуде. Белсенді тұрғын үй құрылысы Нұр-Сұлтан қаласында ғана емес (21,4 млн м2), өңірлерде де жүргізілуде.
Ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында құрылыс жұмыстарының көлемі 3 648,9 млрд теңгені құрады, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңінен 9,7%-ға артық. Құрылыс жұмыстары көлемінің ұлғаюы республиканың барлық облыстарында байқалды.
Құрылыс жұмыстарының едәуір ұлғаюы Ақмола, Маңғыстау облыстарында және Алматы қаласында (1,2 есе), Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Түркістан, Жамбыл, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларында (1,1 есе) байқалды. 2021 жылдың 9 айында пайдалануға берілген жаңа нысандардың жалпы ауданы 12 196,6 мың шаршы метрді құрады.
Қазіргі уақытта зауыттар цементке деген қажеттілікті 92% - дан астамға қанағаттандырды, ішкі нарық толығымен отандық бетонмен және темірбетон бұйымдарымен қамтамасыз етілді. Аталған сегменттерде мықты қазақстандық компаниялар қаматамасыз етуде – «СтандартЦемент» ЖШС, «Көкше – Цемент» ЖШС, «Қазақцемент» ЖШС, «Теміртас-1» ЖШС, «АБК-Мақсат» ЖШС және т.б. барлық жерде құрылыста және жөндеу кезінде тек қазақстандық гипсокартон және құрғақ құрылыс қоспалары қолданылады («Кнауф Гипс Қапшағай» ЖШС, «Жамбылгипс» ЖШС, «Alina Holding» ЖШС).
Жылу оқшаулағыш бұйымдар, керамикалық кірпіштер, лак-бояу бұйымдары және т.б. өндірісі әзірше аз дамыған болып қалуда, осылайша қазақстандық нарық: кірпіште – 60%-ға, полимерлер негізіндегі бояулар мен лактарда – шамамен 57%-ға, жылу оқшаулағыш бұйымдарда – 31%-ға қамтамасыз етілді.
Күрделі қайта бөлу тауарлары, атап айтқанда әрлеу материалдары әлі де болса импортқа тәуелді. Өндірісті ұйымдастыру үшін шикізат базасымен қамтамасыз ету қажет, бұған тау-кен байыту комбинаттарының қызметін ұйымдастыру арқылы да, полимерлі химияны дамыту арқылы да қол жеткізуге болады.
QazIndustry сарапшылары бұл саланың бәсекеге қабілеттілігіне оң әсер етеді деп санайды. Олардың пікірінше, күрделі тауарлар өндірісін ұйымдастыру ішкі нарықты қосылған құны жоғары өніммен қамтамасыз етеді және болашақта макроөңірдің экспорттық нарықтарына шығуға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта қарастырылып отырған сегменттердің импортын алмастыруға бағытталған шетелдік инвестицияларды тарта отырып, бірқатар жобалар іске асырылуда.