2021 жылғы 24 қарашада Қазақстанның Бразилиядағы Елшілігінің бастамасымен 2021 жылғы тамызда құрылған Қазақстан мен Бразилия іскерлік комитетінің бірінші отырысы өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаровтың Бразилия Федеративтік Республикасына жұмыс сапары аясында «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ мен Бразилия ұлттық өнеркәсіптік конфедерациясының (CNI) бірлескен төрағалығымен өтті.
Онлайн форматта өткен шараға «Қазгеология» АҚ, «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ, ERG, KAZ Minerals, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «Kazakh Invest» АҚ, «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ, «Astana Bottlers» ЖШС, WEG, Bamin, JBS, BRF, FIESC, CNF және т. б. екі елдің компаниялары қатысты.
Іс-шараны ашқан ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров іскерлік комитеттің құрылуы екі елдің өзара қарым-қатынасы үшін тарихи оқиға болып табылатынын және қазақстандық және бразилиялық кәсіпкерлер арасындағы тікелей бизнес-байланыстарды және өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту арқылы екіжақты экономикалық байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Іс-шара барысында QazIndustry басқарма төрағасы Берік Бекенов Қазақстан мен Бразилия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың ағымдағы деңгейін жоғары бағалап, құрамына екі елдің жетекші өнеркәсіптік кәсіпорындары кіретін іскерлік комитет тауар айналымын ұлғайту және инвестициялық ынтымақтастықты күшейту үшін белсенді алаң және қуатты қозғаушы күш бола алатынын мәлімдеді.
«Пандемияға дейінгі кезеңде елдер арасындағы сауда қарқынды дамыды, мысалы, Қазақстан 2016 жылдан бастап 2020 жылға дейін 5 жыл ішінде Бразилияға экспорт көлемін екі есеге арттырды. Ағымдағы жылдың 9 айында өзара сауда көлемі 142,4 млн АҚШ долларын құрады, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл 63% - ға жоғары», - деп атап өтті Берік Бекенов.
Сондай-ақ, QazIndustry басқарма төрағасы қазақстандық экспортты Оңтүстік Америкаға ілгерілету және біздің өңірге бразилиялық инвестицияларды тарту қажеттігін атап өтті.
Өз кезегінде CNI Президенті Робсон Брага де Андраде бұл тетіктің құрылуы екіжақты экономикалық өзара іс-қимылдың барлық кешеніне қуатты серпін беретіндігін атап өтіп, қолда бар әлеуетті іске асыру үшін барлық мүдделі жергілікті компанияларды тартуға дайын екенін мәлімдеді.
Отырыс соңында қазақстандық тарап CNI басшылығы мен мүдделі Бразилиялық компанияларды Қазақстанға шақырды, онда әлемдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғаннан кейін Іскерлік кеңестің екінші отырысын өткізу жоспарланып отыр.
Анықтама үшін:
Бразилия ұлттық өнеркәсіп конфедерациясы CNI-Бразилия индустриясының өкілі болып табылатын ресми ұйым.
CNI Бразилияның 27 федералды өнеркәсіп федерациясын және 1 245 салалық жұмыс берушілер кәсіподағын білдіреді, оларға 700 мыңға жуық компания қосылады. CNI ұлттық өнеркәсіптің зерттеулерін, инновацияларын және технологиялық дамуын алға тартады, жұмысшылардың жағдайын, әлеуметтік мәртебесін және дайындығын жақсартуға бағытталған бастамаларды қолдайды.
БАСПАСӨЗ ОРТАЛЫҒЫ