Өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шарттарды жоспарлау және жасасу, сондай-ақ, олардың орындалуын мониторингтеу қағидаларын бекіту туралы бап

"Өнеркәсіптік саясат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9 – бабының 40) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2022 жылғы 8 маусымдағы № 325 бұйрығымен өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шарттарды жоспарлау және жасасу, сондай-ақ, олардың орындалуын мониторингтеу қағидалары (бұдан әрі-қағидалар) бекітілді.

Қағида өнеркәсіпті дамытуға бағытталған сатып алуды жоспарлау және жүзеге асыру, сондай-ақ, олардың орындалуын мониторингтеу тәртібін айқындайды. Өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шарттар мынадай түрлерді қамтиды:

- өндірісі бұрын болмаған өңдеу өнеркәсібінің тауарларын ұзақ мерзімді сатып алуды көздейтін офтейк-келісімшарттар жасасу;

- өңдеу өнеркәсібі тауарларын сатып алудан басқа, шарт сомасының бір бөлігін Қазақстан Республикасының экономикасына инвестициялау жөніндегі талаптарды көздейтін келісімшарттық сатып алулар жасасу.

Қағидалар шарттардың осы түрлерін мынадай түрде жасасу тәртібін көздейді:

- сұранысқа ие тауарлар тізбесін қалыптастыру үшін Тапсырыс берушілердің сатып алуларына және әлеуетті сатып алудың жылдық жоспарларына талдау жүргізіледі;

- тауарлардың осы тізбесі мүдделі тараптармен келісіледі және ТЖҚ мен оларды жеткізушілердің дерекқорына орналастырылады;

- деректер базасында орналастырылғаннан кейін өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шарттарды жасасуға әлеуетті өнім берушілердің өтінімдері қабылданады;

- бұдан әрі қаралған өтінімдер негізінде шарт жасасу туралы шешім қабылданады.

Шарттарды жоспарлаудың бұл тәртібі реттелетін сатып алуды енгізуге және елішілік құндылық деңгейін бақылауға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуын тұрақты талдау нарықтың жай-күйін айқын пайымдауға мүмкіндік береді, ерекше назар аударуды талап ететін өңдеу өнеркәсібі салаларына шоғырлануға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, қағида шеңберінде офтейк-келісімшарттар және келісімшарттық сатып алу шарттарын жасасуға қойылатын үлгілік талаптар көзделген. Мысалы, Тапсырыс беруші өнім берушінің кінәсінен емес өндірілген тауардың келісілген көлемін сатып алудан бас тартқан жағдайда бірінші жылы 100% және келесі жылдары 50% мөлшерінде тұрақсыздық айыбы көзделеді. Өнім беруші онымен жасалған офтейк-келісімшарт бойынша талаптарды тиісінше орындамаған жағдайда, Тапсырыс беруші жасалған шартқа сәйкес алынған аванстық сомаға барабар мөлшердегі соманы ұстап қалады.

Сонымен қатар, егер шарт АЕК-тің бес жүз мың еселенген мөлшерінен асатын болса, келісімшарттық сатып алу шарттары жүзеге асырылады. Бұл ретте әлеуетті өнім берушілер өз қалауы бойынша таңдай алатын 7 қосымша шарт көзделеді:

  1. тікелей инвестициялар (оның ішінде өнімді жеткізушімен тікелей байланысы жоқ инвестициялық жобаларға салымдар);
  2. ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға инвестициялар;
  3. өндірісті, оның ішінде бірлескен өндірісті Қазақстан Республикасының аумағында орналастыру;
  4. мамандандырылған оқу орталықтарын салу, Қазақстан Республикасы үшін әртүрлі бағыттағы мамандарды даярлау және қайта даярлау бағдарламаларын іске асыру;
  5. сатып алынатын тауарға қызмет көрсету бойынша инфрақұрылымды дамыту;
  6. елімізге технологиялар трансферін қамтамасыз ететін техникалық құжаттаманы, лицензияларды және өзге де құжаттарды беру;
  7. өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шарттарды жоспарлау және жасасу, сондай-ақ, олардың орындалуын мониторингтеу қағидаларына сәйкес өзге де талаптар.

Өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шарттар және осы Қағидалар ішкі нарықта бәсекеге қабілетті өңдеу өнеркәсібін дамыту және өндірістің жаңа түрлерін құру мақсатында әзірленді. Атап айтқанда, келісімшарттық сатып алу шарттары Қазақстан Республикасындағы инвестициялар деңгейін ұлғайтуға мүмкіндік береді, ал оффтейк-келісімшарттар импортты алмастыру саясатын тиісті деңгейде жүргізуге мүмкіндік береді.

 

Осы ережелермен adilet.gov.kz сайтында танысуға болады.