«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ ұзақ мерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасауда отандық жеткізушілерге ықпал ету шеңберінде 2022 жылғы 4, 7 және 13 сәуірде импорт алмастыру бағдарламасын талқылау бойынша Қазақмыс корпорациясы, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ және «Қазцинк» ЖШС-мен кеңес өткізді.
Кеңес барысында отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді шарттар жасасқан кезде ең жиі кездесетін кедергілер анықтаып, отандық өндірушілермен офтейк-келісімшарттар жасау мүмкіндіктері талқыланды.
Кәсіпорындар офтейк-келісімшарттар жасау кезінде төмендегі кедергілерді атап өтті:
- Ұзақ мерзімді шарттар жасауда баға белгілеу мәселесі.
Жер қойнауын пайдаланушылар ішкі нарықта өнімнің өзіндік құнының ауытқуына байланысты 12 күнтізбелік айдан астам мерзімге шарттар жасасу көбінесе орынсыз екендігін айтады.
- Жаңа өндіріске инвестициялау кезіндегі жоғары тәуекел.
Бұл кедергі офтейк-келісімшарт жасау мен жаңа өндіріске инвестициялау жоғары сапалы өнімге кепілдік бермейтіндігін және компанияның бизнес-процесіне кедергі келтіруі мүмкін екендігін білдіреді. Тұрақты өндірістік процесін қамтамасыз ету мақсатында тауарлар халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жергілікті ірі жеткізушілерден импортталады немесе сатып алынады.
- Отандық жеткізушілерге техникалық ерекшеліктер ұсына алмау.
Шетелдік тауар жеткізушілер келісімшарт жасасқан кезде толық техникалық ерекшеліктерді ұсынбауға байланысты жер қойнауын пайдаланушылар жергілікті жеткізушілердің өнімдерін дұрыс бағалап, салыстыра алмайды.
Сондай-ақ, 2022 жылғы 14 сәуірде KAZ Minerals және ERG компаниялар тобымен кеңес өткізілді. Онда жер қойнауын пайдаланушылар отандық өндірушілер өндіретін өнімнің халықаралық сапа стандарттары мен техникалық талаптарға сәйкессіздігі ұзақ мерзімді шарт жасасу кезіндегі негізгі кедергі екенін атап өтті.
Сонымен қатар, жер қойнауын пайдаланушылардың айтуынша, отандық өндірушілердің жобалық қуаты компаниялардың қажеттіліктерін үнемі өтей бермейді.