Кластерлер инновацияларға, өнеркәсіптік дамуға, ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігі мен тиімділігіне жәрдемдесудің маңызды құралы ретінде танылды. Кластерлерді қолдаудың басты мақсаты - оған қатысушылардың және жалпы өңірлердің экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
Қазақстандағы кластерлік бастамаларды дамытуды 3 кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезең 2006 жылдан 2012 жылға дейін, экономиканың басым секторларында кластерлер пайда болды. Екінші кезең 2014 жылдан 2020 жылға дейін өңірлерде аумақтық кластерлер қалыптасты.
«QazIndustry» кластерлік даму операторы бола отырып, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін және олар шығаратын өнімдерді арттыру үшін өңірлердегі кәсіпорындар топтарын аумақтық кластерлерге біріктіруге ықпал етті. Кластер қатысушыларымен бірлесіп, мемлекеттің де, кластерлердің де қатысуымен одан әрі қаржыландыру үшін жобалар пулдары әзірленді.
Үшінші кезең 2020 жылы басталды және қазіргі уақытта жалғасып келеді. Бүгінгі кезең аумақтық кластерлердің жұмыс істеуінің әдіснамалық және құқықтық платформасын қалыптастырумен, мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсынумен сипатталады.
Ағымдағы жылдың маусым айында «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң шеңберінде аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеу қағидалары, сондай-ақ аумақтық кластерлер тізілімін қалыптастыру мен жүргізу қағидалары бекітілді.
Қағидаларда аумақтық кластерлерге қатысушылардың бірлескен жобаларын іске асыруға арналған шығындарды қоса қаржыландыру көзделген, онда шығындардың 50%-на дейін (30 мың АЕК-тен аспайтын) мемлекет тарапынан өтеледі.
Кластерлік саясатқа қатысушыларға кластерлік ұйымның жұмыс істеуін қолдау үшін шығындардың 50%-на дейін (3 мың АЕК-тен аспайтын) қоса қаржыландыру көзделген. Сондай-ақ аумақтық кластерлерге қатысушылардың өнімдерін тестілеу және сараптау үшін бірлескен пайдалану зертханаларын жаңғырту жөніндегі жобаны іске асыруға арналған шығындарды қаржыландыру жоспарланған (40 мың АЕК-тен аспайды).
«QazIndustry» тұрақты негізде пилоттық аумақтық кластерлерді талдамалық, ақпараттық-консалтингтік, техникалық қолдаумен айналысады.