19 мамыр күні Астанада Profit Industry & Energy Day 2023 жетінші республикалық конференциясы өтті. Конференцияға цифрландыру бойынша сарапшылар, мемлекеттік органдар мен өнеркәсіп секторының өкілдері, кәсіпкерлер қатысты. Қатысушылар өндірістегі жаңа технологиялар, Индустрия 4.0, цифрландырудың маңыздылығы, IT шешімдер енгізу жолдары және осы процесте кездесетін кедергілер туралы пікір алмасты.
Спикерлер ретінде ҚР ИИДМ Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер департаменті директорының орынбасары Нұрсұлтан Махатов, «QazIndustry» АҚ Цифрлық трансформация дирекциясының басшысы Алмас Мұқашев, «KEGOC» АҚ Ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Анна Абрамова, "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Мұнай өңдеуді жоспарлау, автоматтандыру және реинжиниринг басқармасының басшысы Мариям Игисенова, ISL Metals Group CIO Калилалло Байтасов, тәуелсіз сарапшы Тельман Шуриев, KAAP директоры Владимир Төреханов қатысты.
А. Мұқашев өз сөзінде "Цифрлық трансформация қазіргі заманда өнеркәсіпті дамытудың негізгі драйверлерінің бірі болып табылады" - деп атап өтті. Ол өнімділікті жақсартуға, шығындарды азайтуға, өнім сапасын жақсартуға және тұтынушыларға қызмет көрсетуді жақсартуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Оның айтуынша, қазіргі таңда цифрлық трансформацияны сәтті жүзеге асыру үшін заманауи технологияларды ғана емес, сонымен қатар қолданыстағы бизнес-процестер мен жұмыс әдістерін де өзгерту қажет.
"Бұл сәтті цифрлық трансформация үшін білікті мамандар тобы ғана емес, сонымен қатар өзгерістер мен бейімделуге дайын болу қажет дегенді білдіреді. Бұл цифрлық жетілу деп аталады", - деп атап өтті спикер.
Сондай-ақ, А.Мұқашев қатысушыларға «QazIndustry» АҚ кәсіпорындар үшін цифрлық стратегияларды әзірлеумен айналысатынын айтты. Өткен жылы QazIndustry сарапшылары өнеркәсіп объектілері үшін 22 цифрлық стратегияны әзірледі, ағымдағы жылы шағын және орта кәсіпорындар үшін 20 IT-стратегияны әзірлеу жоспарланып отыр, оның шеңберінде 20 IT-шешімді енгізу жоспарлануда. Алдағы уақытта өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарында пилоттық жобаларды жүргізу жоспарлануда.
Өзінің баяндамасында дирекция басшысы Қазақстанның өнеркәсіптік кәсіпорындарының цифрлық технологияларды пайдалануы бойынша статистиканы жариялады.
Атап айтқанда, 2022 жылы цифрлық технологияларды қолданатын кәсіпорындардың үлесі 11% құрады. А. Мұқашевтің айтуынша, өсу динамикасы 2023 жылы 19 %, ал 2024 жылы 23% болады деп күтілуде.
Сондай-ақ, спикер мақсаты еңбек өнімділігін арттыру болып табылатын өнеркәсіптік секторды роботтандыру тұжырымдамасын әзірлеу жоспарлары туралы айтты.
Сандық шешімдерді енгізу үшін не қажет? Спикерлердің көпшілігінің пікірінше, цифрлық сауаттылық әрі кәсіпорын цифрландыруға дайын болуы керек. Бұл жерде инфрақұрылым, сапалы кадр мәселесі, қаржыландыру және жаңғыруға дайын болу туралы айтылды. Іс жүзінде барлық спикерлер бұл істе бірінші басшыға басым рөл берілетінін айтты.
Конференция барысында мемлекет тарапынан өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарына көрсетілетін қолдау шаралары туралы да айтылды. Бүгінгі күні аталмыш қолдау шараларының аясында цифрлық технологияларды енгізуге жұмсалған шығындардың да бір бөлігі өтеліп отыр