Ағымдағы жылдың 25 мамыры күні Астанада Қазақстан метрологиясының 100 жылдығына арналған "Өлшемдер жаһандық сенімнің негізі ретінде" тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Онда метрологияны цифрландырудың маңыздылығы туралы айтылып, басқа елдерде өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы цифрлық жүйелердің тәжірибесімен бөлісті.
Спикерлер ретінде Tubitak UME (Түркияның ұлттық метрологиялық институты) директорының орынбасары Рамиз Хамид, инженерия ғылымдарының докторы Сюнь Синчжон, Росстандарт басшысының орынбасары Евгений Лазаренко, Бүкілресейлік метрологиялық қызмет ғылыми-зерттеу институтының өкілі Игорь Мнев, Фудзянь метрология институтының аға инженері Синью Дзинг сөз сөйледі.
Конференция барысында "Qazindustry "Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы" АҚ Цифрлық трансформация дирекциясының басшысы Алмас Мұқашев өнеркәсіпті дамытудың драйвері ретіндегі цифрлық трансформация туралы баяндады. Ол метрологияның қазіргі кезеңдегі және IV өнеркәсіптік революция контекстіндегі маңыздылығын атап өтті.
"Өлшеу технологияларын дамытудың негізгі тенденцияларының бірі бұйымдарды, инженерлік объектілерді, технологиялық процестер мен экожүйелерді жобалау, өндіру және пайдаланудың барлық деңгейлеріндегі жай - күйді мониторингтеуге көшу болып табылады. Төртінші өнеркәсіптік революция-бұл абстрактілі болашақ емес, дәл қазір болып жатқан және адам өмірінің барлық салаларына, соның ішінде метрология мен стандарттауға да әсер ететін объективті процесс",- деп атап өтті спикер.
Сонымен қатар, А. Мұқашев «Qazindustry» АҚ-ның "Индустрия 4.0" бағыты бойынша технологиялық құзыреттіліктің салалық орталығы ретіндегі қызметі туралы айтып берді. Атап йтқанда, Qazindustry негізгі миссияларының бірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың цифрлық жетілу индексінің жоғарылауы екенін атап өтті. 2023 жылы цифрлық технологияларды пайдаланатын қазақстандық кәсіпорындардың деңгейі 19 % - ға, ал 2024 жылы 23% - ға жетеді деп күтілуде.
Сөзінің соңында дирекция басшысы орталықтың алдағы жоспарларымен бөлісті. Олардың қатарында-өңдеу өнеркәсібі мен ТМК кәсіпорындарында пилоттық жобаларды жүргізу, өнеркәсіптік секторды роботтандыру тұжырымдамасын әзірлеуге қатысу.