Арнай экономикалық аймақтар туралы ТОП-8 сұрақ

           Сұрақ сізден - жауап бізден!

 

          Арнай экономикалық аймақтар туралы ТОП-8 сұрақ 

 

Бүгінгі күні Қазақстанда арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар белсенді дамып келеді. Олардың негізгі салалық ерекшеліктері экономиканың перспективалы салаларына назар аударуға мүмкіндік береді.

Өткен жылдың шілде айында Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында арнайы экономикалық аймақтарды(АЭА) дамыту жөніндегі Жол картасы бекітілді. Бүгінгі күні аталмыш Жол картасы мүдделі тараптардың АЭА қызметіне байланысты міндеттерін шешу әрі жүйелеуге және отандық АЭА-ны дамыту жөніндегі басты стратегиялық құжат болып отыр.  

         Кәсіпкерлер мен кәсіп бастағысы келетін азаматтардан АЭА-ға қатысты жаңа ережелер мен АЭА қатысушылары үшін жасалатын жағдайлар туралы бірқатар сұрақтар келіп түсуде.

Осы орайда Қазақстандағы АЭА-ның дамуы, жаңа тәсілдер және табысты мысалдар туралы сұрақтарға "QazIndustry" Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы" АҚ  АЭА және ИА дамыту дирекциясы басшысының орынбасары Ерасыл Мұратбек айтып берді.

 

- Ерасыл Ғаниұлы, арнайы экономикалық аймақтар дегеніміз не және олар не үшін құрылады?

- Арнайы экономикалық аймақтар инвестицияларды тарту құралы болып табылады. Заңнамаға сәйкес, бұл шекаралары нақты белгіленген арнайы құқықтық режим қолданылатын Қазақстан Республикасы аумағының бөлігі.

АЭА құрудың негізгі мақсаты-жоғары өнімді және бәсекеге қабілетті өндірістерді жедел дамыту, инвестициялар тарту, өңірлік экономика саласына жаңа технологияларды енгізу, халықты жұмыспен қамту болып табылады.

Әрбір құрылған аймақтың өзіндік салалық бағыты бар, яғни олар қызмет түрлерімен де, аумақтарының көлемімен де ерекшеленеді.

 

- Бүгінгі күнге отандық АЭА инвестициялық портфелі қандай? Қанша жоба іске асырылды, қанша сомаға, қанша жұмыс орны құрылды және инвестициялар тартылды?

- Қазір Қазақстанда 14 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді, оның ішінде Алматы облысының Қонаев қаласында жаңадан құрылған "G4 city" АЭА да бар.

13 АЭА аумағында құны 2,3 триллион теңге болатын 317 жоба іске асырылды, 23 800 мың тұрақты жұмыс орны құрылды.

АЭА - ға 2,7 триллион теңге инвестиция тартылды, құрылыс шеңберінде - 4,1 триллион. Өндіріс көлемі жеті триллион теңгеден асты. 480 миллиард теңгеге өнім экспортталды. АЭА аумағында жобаларды іске асырудан бюджеттерге 352,9 миллиард теңге түсті.

 

- АЭА қатысушыларына қандай жағдайлар жасалады? Олардың аумақтарында инфрақұрылым жеткілікті дамыған ба?

- АЭА қатысушылары салықтық және кедендік төлемдерден босатылады. Атап айтқанда АЭА аумағында өнімді сатуға арналған ҚҚС-нан, корпоративтік табыс салығынан, мүлік салығынан, жер салығынан, қатысушылардың орналастыруына немесе пайдалануына арналған тауарларға арналған кедендік баждардан босатылады.

Кәсіпкерлер дайын инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды, сондай-ақ шетелдік жұмысшыларды жалдаудың жеңілдетілген рәсімін алады.

Отандық АЭА инфрақұрылымының аяқталуының орташа көрсеткіші 71,5 пайызды құрайды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

 

- АЭА-ның жаңа қатысушысы қандай проблемаларға тап болуы мүмкін және QazIndustry оларды шешуге қалай көмектеседі?

- АЭА аумағында жаңа қатысушылардың жобаларын іске асыруға ерекше кедергілер жоқ.

Өткен жылдың соңында барлық мүдделі тұлғалардың ескертулерін ескере отырып, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы Заңға өзгерістер енгізілді. Белгілі бір мәселелер уақытқа немесе жекелеген жағдайларға қатысты туындайтыны белгілі. QazIndustry бірыңғай үйлестіру орталығы ретінде оларды өз құзыреті шегінде реттейді.

Жергілікті проблемалар бар, мысалы, инфрақұрылымды объектінің аумағына уақтылы жеткізбеу және жобаларды іске асырудағы басқа да техникалық сәттер. Әрбір АЭА-да басқарушы компаниялар бар, олардың міндеті - туындаған барлық проблемаларды шешу және аймақ қатысушыларына қолайлы жағдай жасау.

 

- Қазақстандағы ең табысты ТОП-3 АЭА атап өтсеңіз. Олардың негізгі ерекшеліктері мен алдағы перспективалары қандай?

- Барлық АЭА өзінше бірегей және перспективалы. Олардың жетістіктерін салыстыруға болмайды, өйткені кейбір АЭА бір-бірінен түбегейлі ерекшеленеді. Бұл жерде АЭА құрылған уақытын, оның аяқталу деңгейін, жобалардың өзектілігін ескеру қажет.

Кейбір АЭА-ға жекелей тоқталып атап айтатын болсақ.

Мысалы, "Астана - жаңа қала" арнайы экономикалық аймағы. Ол шамамен жиырма жыл бұрын құрылған. АЭА қаланың шетіндегі индустриалды саябақты ғана емес бүкіл Астана алаңының 80 пайызын, негізінен елорданың сол жағалауын қамтиды.

"Астана-жаңа қала" қытай әдісі бойынша құрылып, елорданың құрылысына шетелдік инвесторларды тартуға мүмкіндік берді.

АЭА - ға инвестиция көлемі 215,3 миллиард теңгені құрайды. Ал елорданың әкімшілік-іскерлік орталығының құрылысына "Астана - жаңа қала" инвесторлары 4,1 триллион теңгеден астам қаржы салды.

Бір бюджеттік теңгеге АЭА-ға 9,4 теңге инвестиция тартылды.

"Оңтүстік" АЭА - тоқыма өнеркәсібінің бірегей аймағын атап өткім келеді. Инвестиция көлемі - 60 миллиард теңге, өндіріс көлемі-156,4 миллиард. Бір бюджеттік теңгеге 7,4 теңге инвестиция салынды.

Туризмнен бастап химия өнеркәсібі өнімдерін өндіруге дейінгі түрлі қызмет түрлерімен ерекшеленетін "Ақтау теңіз порты" АЭА айта кетуге болады. Бұл АЭА бойынша сандық көрсеткіштер жақсы өте жақсы деңгейде. Атап айтқанда, инвестиция көлемі - 286,8 миллиард, өндіріс көлемі - 416,8 миллиард теңге. Бір бюджеттік теңгеге 36,8 теңге инвестиция тартылды.

 

- АЭА дамыту бойынша жаңа Жол картасын қабылдауға не себеп болды және осы салаға қандай өзгерістер енгізілді?

- 2022 жылы «Әділ мемлекет, біртұтас ұлт, гүлденген қоғам» атты Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы экономикалық аймақтардың  қызметін жетілдіру бойынша жаңа шаралар енгізуді тапсырды. Осыған байланысты жаңа тәсілдерді енгізу мақсатында АЭА қызметінің тиімділігін арттыру және басқарушы компаниялардың кадрлық құрамын нығайту жөніндегі Жол картасы әзірленді.

Жол картасына АЭА аумағында аралас режимді енгізу және инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеген жер учаскелерін алып тастау сияқты түзетулер енгізілді.

Аралас режим инвестициялық преференцияларсыз, басым қызмет түрлеріне жатпайтын инвесторларға жер учаскелерін беруді көздейді.

АЭА проблемаларын шешу үшін аймақтар құрамынан инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеген аумақтарды алып тастау ұсынылады. Бұл инженерлік-коммуникациялық желілерді салу үшін қаражатты үнемдеуге және басталған объектілердің құрылысын аяқтауға назар аударуға мүмкіндік береді.

 

- 2022 жылы Жол картасы қабылданғаннан кейін АЭА-дағы қызмет түрлері кеңейтілді. Енді олардың аумағында қандай жобалармен айналысуға болады?  

- АЭА қызметіне жаңа тәсілдерді енгізу аясында, заңнамаға "бейінді емес қызмет түрлері" деген ұғымды қосу ұсынылды. Бұл АЭА аумақтарын "тірі" жобалармен толтыру үшін жасалды.

Қызметтің бейінді емес түрлеріне шикізатты, материалдарды, заттарды, жаңа өнімдерге арналған компоненттерді өңдеумен байланысты өңдеуші өнеркәсіп салаларына жататын және басым тізбеге кірмейтін қызмет түрлері жатады.

Осылайша, мұндай жобаларды іске асыру кезінде салықтық және кедендік жеңілдіктер түріндегі ерекше құқықтық режим қолданылмайды.

 

- Алдағы уақыттарда АЭА-да жүзеге асырылады деп жоспарланған негізгі жобалар туралы айтып өтсеңіз.

- Бұл жерде "зәкірлік жобалар" ұғымын қолданған дұрыс.

Мысалы, Атырау облысындағы "Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі" АЭА аумағында газ-химия кешенін құру жүргізілуде. Жоба екі кезеңнен тұрады. Біріншісі 2022 жылы іске қосылған полипропилен өндірісі. Өндірістік қуаты-жылына 500 мың тонна. Екінші кезең - құны 3,6 триллион теңге болатын полиэтилен өндірісі. Жылдық қуаты бір миллион тоннадан асады.

"Павлодар" АЭА аумағында құрамында алтыны бар жоғары көміртекті сульфидті концентраттарды қайта өңдеу бойынша "Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты" ЖШС жобасын іске асыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Оның қуаттылығы-жылына 300 мың тонна.

Өңдеу өнеркәсібінен басқа, АЭА-да туризмді дамытумен айналысады. Қазақстан үшін бұл өзекті: Аумағы бойынша біз әлемде тоғызыншы орында тұрмыз, сондықтан біздің еліміз үщін бұл бағыт өзекті.  

"Ақтау теңіз порты" АЭА және "Turkistan" АЭА-да бес жұлдызды қонақ үй кешендері салынды. "Ақтау теңіз портында" жағалау аймағының жоспарлы құрылысы жүргізілуде, көпфункционалды қонақ үй-туристік кешенінің құрылысы аяқталуда. Таун орталығының сауда қатарлары, ойын-сауық саябағы, гольф клубы және виллалары бар гольф қонақ үйі болады.