Қазіргі жағдайлар мен әлемдік тәжірибе көрсеткендей, кластерлік саясат өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды факторы болып табылады, оның оң нәтижелері еңбек өнімділігін арттыру, салық төлемдерінің өсуі, экспортты ұлғайту, шетелдік инвестицияларды тарту болып табылады.
Кластерлерді қалыптастыру мен дамытуға арналған Қазақстан Республикасының Ұлттық тәсілі 2014 жылы "Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамуының 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы аясында әзірленді. Құжатта кластерлік бастамалар өнеркәсіптік дамуға, экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен тиімділігіне жәрдемдесудің маңызды құралы ретінде қарастырылды.
"QazIndustry" Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы" АҚ қатысуымен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі конкурстық негізде алты аумақтық кластерді іріктеп алды:
- Шымкент қаласының фармацевтикалық кластері;
- Қарағанды облысының құрылыс кластері;
- Алматы қ. жиһаз кластері;
- Қостанай облысының ұн тарту кластері;
- Ақмола облысының сүт өңдеу кластері;
- Алматы қаласы мен Алматы облысының туристік кластері.
Аумақтық кластерлер Еуропалық Одақ жанындағы кластерлік даму комиссиясымен (ESCA) аккредиттелген және қола белгісіне ие болды.
ҚР өңірлері бөлінісінде өңдеу өнеркәсібіне диагностикалық зерттеу жүргізілді, нәтижесінде кәсіпорындардың тұрақты, тарихи қалыптасқан топтары болып табылатын 29 кластерлік түзілімдер анықталды. Салалар бөлінісінде бұл кластерлік құрылымдар құрылыс, тамақ өнеркәсібінде, сондай-ақ теміржол, ауылшаруашылық машина жасау, электр жабдықтары, металлургияда бар.
Кластерлік саясат шеңберін бірқатар нормативтік құқықтық актілер реттейді. Осылайша, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында орталық аумақтық кластерлердің қалыптасуы мен дамуын ынталандыратыны туралы айқындалған. "Өнеркәсіптік саясат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 23-бабына сәйкес мемлекет өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсыну арқылы аумақтық кластерлердің дамуын қамтамасыз етеді.
QazIndustry аумақтық кластерлер қатысушыларының белсенді көмегімен нормативтік-құқықтық актілерді, оның ішінде кластерлерді конкурстық іріктеу қағидаларын, тізілімді қалыптастыру және жүргізу қағидаларын, аумақтық кластерлерді дамытуда өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсыну қағидаларын әзірледі.
Өңірлерде кластерлік саясатты одан әрі дамыту бұрын жүргізілген және орындалатын іс-шаралардың жүйелігіне байланысты. Осындай мысалдардың бірі Оңтүстік Кореяның медицина өнеркәсібі кластері-Вонджу технодолинімен (WMIT) "Шымкент" медициналық - фармацевтикалық кластерін құру шеңберінде ынтымақтастық меморандумдарына қол қою болып отыр.
Бұл өндірістік және ғылыми әлеуетті дамыту бойынша жаңа мүмкіндіктер ашады, сондай-ақ өңірлік фармацевтика саласына және отандық өнім өндірісіне инвестициялар тарту үшін фарминдустрия кәсіпорындарының барлық қолда бар ресурстарын жинақтайды.
Қорытындылай келе, дамыған Еуропа және Азия елдерінің тәжірибесі кластерлік тәсіл ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырудың тиімді құралы болып табылатынын және өңірлік экономиканың дамуын ынталандыратынын айтуға болады.