5 наурызда QazIndustry пікірталас алаңында өңдеу саласындағы кәсіпорындарды мемлекеттік ынталандырудың жаңа шарасы – өнеркәсіптік грант жобасын енгізу мәселелері талқыланды.
Іс-шараға қатысушылар өнеркәсіптік грант беру шарттарын, оны пайдаланудың ықтимал мақсаттарын, өтінім беру және грант беру процестерін, сондай-ақ кәсіпорын өзіне қабылдайтын қарсы міндеттемелерді талқылады.
«Біз бүгін бизнес-қауымдастықпен бизнесті ынталандыру құралының жаңа түрін талқылаудамыз. Бұл құрал 2025 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында әзірленуде және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарда өндірістерді жаңғыртуға немесе жаңа өндірістерді құруға бағытталған», - деп атап өтті «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Айдар Кәкімжанов.
Өнеркәсіптік грант шеңберінде қоса қаржыландырудың жалпы сомасы негізделген шығындардың 50% - ына дейін, бірақ бір кәсіпорынға 750 млн теңгеден аспайды. Грант бірлесіп қаржыландыру шарттарында және өтеусіз негізде ұсынылатын болады.
Бүгінгі таңда QazIndustry ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, өнеркәсіптік грант беру шарттары мен тетігі бойынша ұсыныстар әзірлеуде.
Өнеркәсіптік грант бойынша қосымша ұсыныстар sh.suyunov@qazindustry.gov.kz электронды поштасына қабылданады (ұсыныстар негізделген болуы тиіс, негіздемесіз ұсыныстар қабылданбайды).